Республика күні – елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы. Оқушыларымызға тарихтан сыр шертіп, ұлттық мерекені тойлау арқылы бойларына елжандылық қасиеттерді сіңіру – мақсатымыз.
Ауылымыздың Мәдениет үйінде ұйымдастырылған салтанатты концертті мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлден Жалбырбаевна ашты. Мерекелік шара рәміздерге құрмет көрсетуден басталды: сарбаздар шеруінен кейін Әнұран орындалды.
Мектеп оқушылары өз өнерлерін ортаға салды: 8-сыныптың орындауында «Атамекен» әні, 2-сынып оқушылары Қанат Айдана мен Аппасова Айғанымның орындауында «Егемен ел Қазақстан» әні және хор «Отаным – Қазақстан» баршаның көңілдерінен шықты. «Арулар» және «Әдемі-ай» топтарының қазақ билері, 5-сыныптың ер балаларының орындауындағы «Батырлар биі» өте жарасымды болды. Тастенбек Әлібектің орындауындағы «Қосалқа» мен қонақ баламыз Махамбет Самраттың орындауындағы «Адай» және «Балбырауын» күйлері ұлттық өнеріміздің ғажаптығын тағы көрсетті. 9-сынып оқушыларының «Әскерге шақыру» атты әзіл қойылымы тіптен көңілдерімізді көтерді.
Көрермендерімізді ән мен жырға бөлеп, көңілдерін шалқытқан мерекелік шараға қатысушыларымызға көп рахмет!
Жауаптылар: А.К.Аппасова мен Ж.А.Олжабаев