18.08.2025
КҮНІ: 18.08.2025 жыл
Тақырыбы: Жазғы еңбек практикасының аяқталуы
Еңбек тәрбиесінің бір аптасы: табиғатпен үндескен тағылымды тәжірибе
2025 жылдың 11–15 тамыз күндері аралығында 8-сынып оқушылары үшін еңбек практикасы мазмұнды да мәнді, тағылымы терең апта болды. Табиғатқа қамқорлық танытып, қол еңбегінің маңызын түсінген бұл күндер балалардың бойында еңбекке деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікті нығайтты.
Мектеп ауласында атқарылған көгалдандыру мен тазалық жұмыстары — тек қана міндет емес, табиғатты аялау мен туған жерге жанашырлық танытудың жарқын көрінісіне айналды. Оқушылар гүлзарларды ретке келтіріп, арамшөптерді жұлып, мектептің ауласын абаттандыруға белсене атсалысты.
Бұл аптаның бір ерекше сәті — мектеп маңында өсіп тұрған итмұрын мен ранет ағаштарының жемістері туралы болған қызықты әңгіме болды. Оқушылар бұл жемістердің табиғат пен адам денсаулығы үшін маңызын, олардың дәрілік әрі тағамдық қасиеттерін білді. Осы сәт балалардың табиғат байлығына деген қызығушылығын арттырып, туған өлкенің өсімдіктер әлеміне деген құрметін оятты.
Еңбекпен қатар оқушыларға демалыс та ұйымдастырылды: олар лото ойнап, табиғат аясында серуендеп, таза ауада уақыт өткізді. Бұл — ұжымдық рухты нығайтып, достықты, ұйымшылдықты арттырған сәттер болды.
Осы бір апталық тәжірибе оқушылардың өміріне мән беріп, оларға еңбек, тәртіп, табиғатқа жанашырлық секілді құндылықтарды үйретті. Болашақта да осындай бастамалар жас ұрпақтың саналы, ұлтжанды азамат болып қалыптасуына жол ашары сөзсіз.
Жауапты: 8-сынып жетекшісі А.К.Аппасова