Еліме шуақ сыйлаған Әз Наурыз!
Наурыз келсе – елге құт келеді деп тегін айтпаса керек. Ұлы мерекенің мән мағынасы да зор.Жер жаханның жаңаша бір жаңаруы,тіршіліктің жандануы.Наурыздың 22-сінде күн мен түн теңеледі, қыс өтіп, көктем келеді,тіршілік басталады.Ол-тіршілік арқауы.Малдың қыстан аман шығуы,оның өсіп-өніп төлдеуі.Қазақ халқы үшін үлкен мейрам-Жаңа жыл болып саналған. Сондықтан бұл Ұлыстың ұлы мерекесін Ақмешіт ауылында да үлкен құрметпен, ауылдастар болып , «Еліме шуақ сыйлаған Әз Наурыз!» атымен дүркіретіп атап өткен болатынбыз.
Мектептің ішкі безендіруі мүлде ерекше:төрдегі оюланған шаңырақты бойлай жарқыраған әр түрлі шамдар мен киіз үйді көркемдейтін тұмарлар ілінген, суретпен безендірілген таулар мен етегіндегі бәйшешек гүлдер, «қыз қуу» ойынының сәтінен көрініс, күннің шуақ шашқан көрінісі, сол жақта түрлі салт-дәстүрден белгі беріп тұрған бейнелі суреттер, ішкі бөлмеде жайылған дастархандар мен киіз үйдің әбзелері мен түрлі бөстектер,ілінген ұлттық киімдер мен аңдардың терілері.Бұлардың бәрі мерекенің ұлттық нышанын көрсетіп,биік мәдениеттілік пен жылылық, мейрімділік, қонақжайлылық мерекесі екендігінен паш етіп тұрғандай!
Мерекелік іс-шара да басталып, ұлттық киім киген жүргізушілер – Куракпаева Г.А. мен Шаханбаева Г.Ж. әуезді үндерімен мерекенің шымылдығын ашты. «Қазағым» әнімен 3- сынып оқушысы Олжабай Қымбат мерекенің алғашқы музыкалық сәлемін жолдады.
Шашу,шашу шашайық,
Ән-думанға басайық, дей келе ортаға кәмзол мен кимешек киген әжелер : Аппасова Р.С. мен Тастембекова С.У. ортаға шығып, елге шашу шашып, тілектерін айтты.
Бұдан соң алғашқы сөзді мектебіміздің басшысы Аппасов Сағындык Бесимбайұлы ашып, жиылған елді Наурыз мерекесімен құттықтап, өзінің тілегін білдірді. « Баталы ел –озар, батасыз ел-тозар» дегендей мерекені ауыл имамы Акпаров Темірғали Амангелдіұлының ақ батасымен бастадық. Мерекеге келген ауыл ақсақалдары мен әжелер, көрші ауылдардан келген қонақтар да өз тілектерін айтып, елге амандық, бірлік тілеп қойды. Бұдан соң Лаура, Аяулым,Дарияның орындауында «Қазақстан» әні үш дауыста керемет шырқалды. Күн мен түннің кейіпін Даут Карина мен Бөгенбай Олжас кейіптеп, мән мағынасын түсіндіре кетті.5,6,7 сынып қыздарының орындауында «Ай Жұлдыз» биі әсем орындалып, жұртқа мерекелік көңіл-күй сыйласа, 3- сынып оқушысы Көшкенбай Сымбаттың орындауындағы «Қазақ биі» жиылғанды тамсандырды. Әдеби –монтаждағы оқылған шумақтар адам жанына шуақ сыйлап, дем бергендей болса, «Күй шашу» биін орындаған қыздар мың бұралған билері мерекені қыздыра түсті. Ал 1- сынып оқушысы Олжабай Ғибраттың орындауындағы «Жүрегім қазақ!» әні жұрттың рухын көтеріп, ұлттық мерекенің сәнін аша түсті. Осынау Наурыз мерекесіне ауылымыздың жеңгелері Аманбаева Салтанат пен Бакиева Айгүлдің арнайы даярланған наурыз көжелері де осы шарада жұртшылыққа таратылды.
Әсем әуенімен ортаға шыққан 3- сынып оқушысы Алтыбай Меруерт жиналғандарға «Құтты болсын Наурыз!» әнін жолдады. Ұлттық салт-дәстүрден көрсетілген «Қазан шегелеу» көрінісі де баршаны өз сәнімен баурап алды. Көрініс барысында : қонақ күту, қабылдау, қолға су құю, табақ ұсыну, бастың мүшелерін тарату, ауылдың алты ауызы, жора-жолғысын беру, шығарып салу т.б. салттар көрсетіліп, мән-мағынасы түсіндірілді.Көрініске қатысқан Аппасова Р.С., Тастембекова С.У., Ахмедина А.Г., Кусаинова Д.Т., 9 сынып оқушылары сахналық тұрғыда шынайы жеткізе білді. 3- сынып оқушысы Ғаділбекқызы Перизат пен әпкесі Құрақпаева Лаураның орындауындағы халық әні «Бипыл» көркем орындаумен орындалып, қыздар тобының орындауындағы «Әсем-ай!» биіне ұласа кетті.
«Атаның сөзі –ақылдың көзі» дегендей Наурыз мерекесінің бір белгісі -Қыдыр баба. Қыдыр баба кейіпіндегі ауыл азаматы Ардақ Олжабайұлы мерекеге келгендерге бата-тілек айтып, елге амандық,береке,бірлік тіледі.
Мерекелік іс-шара соңы « Ақмешітім – Жәннәт бағым!» атты әнмен аяқталып, мерекені әрі қарай арнайы даярланған «Ақпан», «Сандыбай» және «Ақмешіт» атты ауылдарға бөлінген мерекелік дастархандарға шақырылды.
Бұл дастархандардың да арасында байқау өтіп, «Ақмешіт» -1 орынға, «Ақпан» мен «Сандыбай» ауылдары – 2 орындарға ие болды.
Сыртта безендірілген мерекелік тулар мен шарлар,ілінген мерекелік суреттер, алтыбақан тепен жастар мен жиылған жұрттың көтеріңкі көңілдері жарасым тауып тұр. Әуезді, көңілді мерекелік әуен ойынап тұр.Сауда саттық та өзінше жүріп жатыр,қәуәптер де даярланып бірнеше жерде сатылып жатыр.Ауыл келіншектерінің даярлаған наурыз көжесі мен дәмді палауы да таратылып жатты.Палауды жұртшылыққа ұсынған Баян мен Арина жеңгелеріміздің бұл ісіне жұртшылық риза. Ұлттық ойындар ойыналып: арқан тартыс (қыз бен ұлдар арасында), кір тасын көтеру, бағанға мініп сыйлықтар алу болса, одан қалды үстел ойындары: шахмат, дойбы (шашки), тоғызқұмалақ, асық ату, бес асық ойындары бір жақта ойналып жатты.
Мерекеде қазақша күрестің болуы да жұртты еліктірді. Күреске қатысушы жас жеткіншектер ептілікпен, тамаша даярлықпен келген екен.Барлығы дерлік өз күштерінде 25,35,45,55 салмақтағылар арасында өткізілген күрестің де тамаша ептілері өз мәресіне жетіп, жеңімпаз атанды.Әсіресе Түйе палуанда сайысқа түскендер (әр түрлі салмақтағылар) үздік күрестің түрін көрсетті. Осы ұлттық спортты насихаттап жүрген Тасты ауылының азаматы, осы күні жасөспірімдердің тренері - Айдарбеков Мақсат Бахрамұлы.Мақсат Бахрамұлының шәкірттері де осы күрестің аясында өз өнерлерін де көрсетті.
25-салмақты - Бахир Самғат-1орын, Жамбылов Еркебұлан-2орын, Құрақпаев Нұралы -3 орынға ие болды;
35-салмақты–Магипия Рауан-1орын, Жайлаубай Жұбаныш-2 орын, Теміржан Ермахан-3 орынға ие болды;
45салмақты – Есенбек Эльдар-1 орын, Жанатбек Нұрболат -2орын, Шайксұлтанов Расул -3 орынға ие болды,
55салмақты – Ахметоллаев Азат-1орын, Қаиырбек Ернұр -2 орын, Армия Рауан-3 орынға ие болды;
«Түйе палуан» кубогін және 1-орынды Бахрамов Сағадат, Зарипов Данияр-2 орын; Шамран Ғалымбек -3 орынды иеленді.
Наурыз мерекесі ат жарыссыз болмас. Бұл күннің тамаша кезеңі осы болды. Жарыс дәстүрлі салтанатты түрде басталды. Мектеп басшысы жарысты ту беру рәсімімен бастап, оны елдің азаматы, Қазақстан Республикасының көкпардан спорт шебері. «Көкпардан» екі дүркін күміс жүлдегері,ТМД елдері бойынша «Көкпардан» ІІІ орын иегері, Ақмола облысының «Көкпардан» үш дүркін чемпионы, Қазақстан бойынша «Көкпардан» үш дүркін қола чемпионы,«Астана» командасының ойыншысы - Канапин Ерлан Қанатұлын табыстады. «Көк тудың желбірегені» әуенімен барлық жарысқа қатысушыларды көк тудың астында алдын ала даярланған алаңға сән салтанаттағы саппен алып барып, жарысты бастап кетті. Жарыс алдымен жабағы 2 шақырымдықта одан соң тай жарысы 4 шақырымдықтағы жарысқа ұласты. Жанкүйерлердің де, қатысушылардың да рухы қызып, тамаша көрініс көрісті. Жарыстан жүйрік атанғандар мынадай тұғырларды бағындырды.Тай жарысы: 1- орын -Есенбек Эльдар,2- орын –Қамаров Айтмұхамбет,3-орын –Нұрымов Әсет; Жабағы жарысы: 1- орын -Армия Рауан,2- орын –Шайқсұлтанов Расул,3-орын –Есенбек Эльдар.
Мерекелік жоспар өте жүйелі құрылып, іште де сыртта да жүргізіліп жатқан іс-шаралар өз уақытымен жүргізіліп, жауапты тұлғаларға бекітілген болатын. Осынау іс-шараның барысына ат салысып, ұйымдастыруға белсене араласқан жандардың арқасында керемет мереке өз деңгейінде өтіп, жұртшылық ұлттық мерекені өз дәрежесінде тойлауға мүмкіндік алды.Осынау іс-шараға белсенділік танытқан ата-аналар комитетінің төрайымы Жакупова А.А. мүшелері: Өсербаева А,Букенбаева Д , Құрақбаева З, Жикенова Ж, Асылбекова А, Құрақпаева А, Құрақпаева Ә,Ахметова Н. және ауылдың жанашыр азаматшасы Канапина Гүлнарға ризашылығымыз шексіз.
Елім, жұртым деген азаматтарымыз: Алтыбай Байзоллаұлы, Ақжарқын Қинаятұлы, Қайрат Қайырбекұлы, Абылай Даутұлы, Нұрлан Сағымбайұлы. Осындай әр кезде бас көтерер ағалары бар елдің болашағы да болмақ. Ел болып, бір түйін боп жүргізілген мерекеміз жоғары деңгейде аталып өтті. Наурыз берекелі, ел мерекелі, жұрт жайдарлы болсын!
Ақ мол болсын! Жыл ырыздықты болсын!
Бакиева А.О.
Ақмешіт ауылының №15 орта мектеп ММ
Оқу ісінің меңгерушісі.