Бүгін алтын ұя мектебін бітіріп, балалық шақтан болашаққа қанат қаққалы отырған, жүректері лүпіл қағып, қимастық пен қуаныш, аңсау мен арман сезімдері араласқан жас түлектер үшін ең бір қымбат, ең бір қимас, ең бір ұмытылмас күн... Өзінің уақытын аямай, өзгенің уақытын аялай білетін, өз шәкірттерін білім нәрімен сусындатудан талмайтын аяулы ұстаздардың бір жылдық еңбектерінің жемісіне куә болатын күн... Бүгін соңғы қоңырау.
«Ақмешіт ауылының жалпы орта білім беретін» КММ 2023-2024 оқу жылының соңғы қоңырау мерекесі жас түлектер үшін салтанатты түрде өтті. Мектебімізде барлығы 72 оқушы. Оқу жылын негізгі мектеп курсы бойынша 9-сыныпты 11 оқушы, жалпы орта мектеп курсы бойынша 11-сыныпты 4 оқушы аяқтап жатыр. Осы жыл ішінде оқушыларымыз республикалық, облыстық, аудандық олимпиадалардан жүлделі орындар алды. Мерекелік кеш Целиноград ауданының білім бөлімінің әдіскері Мусина А.Д. мен мектеп директоры А.О.Бакиева құттықтау сөзімен басталды. Ақ тілекті аға буын ұстаздары жалғастырып, түлектерге жылы лебізін білдірді. Салтанатты жиынның негізгі бөлімінде мектебіміздің оқу ісінің меңгерушісі А.К.Каирбекова оқу жылының аяқталуына байланысты бұйрықпен таныстырып, оқушыларды жетістіктері мен белсенділігі үшін марапаттау салтанатты рәсімін өткізді. Қорытынды бөлімде жас түлектер өз өнерлерін көрсетіп, мектебіміздің 1-сынып оқушысы мен 11-сынып оқушысы соңғы қоңырауды соқты.